Смекни!
smekni.com

Р ылмысты ат ару ы ыны т сінігі, п ні ж не курс ж йесі (стр. 7 из 33)

Қамаудағы адам деп - ол қандай да болмасын құқық бұзғаны үшін сотталып, жеке бас бостандығынан айырылған кез келген адамды айтады.

Сотталған азаматтарға жазаны өтеу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандығына кепілдік берілуі тиіс, оған тек қылмыстық, қылмыстық-атқару және басқа да Қазақстан Республикасы заңдарымен алып тасталған, сондай-ақ шектелу белгіленгендер жатпайды.

Сотталғандармен жұмыс жасау барысында, олар қоғамнан шығарылып қалғандар емес, қайта оның мүшесі болып қала беретіндігіне ерекше көңіл аудару керек.

Сондықтан сотталғандарды қоғам өміріне қайтару мақсатында қоғамдық ұйымдарды түзеу органдарымен бірге қызмет етуге (мүмкін болған жерде) жұмылдыру керек.

Қазақстанда бұл бағытта адам құқығы мен зандылықты сақтау жөніндегі Қазақстан-Америка бюросы мен реформаға көмектесетін Қылмыстық әділ сот орталығы сияқты үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді.

Сотталғандарды заңмен тікелей белгіленген жағдайдан басқа кезде азаматтық міндетін атқарудан босатуға болмайды. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды (Қазақстан Республикасы Конституциясы, 10-бап, 2-тармақ). Сотталғандардың құқы мен бас бостандығы сот үкімімен және Қазақстан Республикасы заңында көрсетілген мерзімге ғана шектелуі мүмкін. Мемлекет сотталғандардың және олардың туысқандарының, жақындарының сондай-ақ басқа да жеке тұлға мен заң ұйымдарының, егер де сотталғандар олармен әр түрлі зандық қатынастарда байланысты болса барлығының құқығы мен заңды талаптарын сақтауға және қорғауға кепіл болуы тиіс.

Сонымен қатар сотталғандардың құқықтық мәртебесіне шек қоюды бұзбауға байланысты еңбекпен түзеу мекемелерінде, тергеу қапасында отырғандарға спирттік ішімдіктерін, естен тандырарлық әсері бар дәрілер мен басқа заттарды, ақша, ас тағамдарын, бұл мекемеде сақтауға, пайдалануға рұқсат етілмейтін бұйымдар мен заттарды заңсыз бергендер әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады. Сот үкімімен сотталғандар кейбір жағдайда сотталған атағына ие болады, егер де ол адам қылмысты қайта жасаса жауапкершілік ауырлайды. Сотталғандардың кейбір категориясына рецидивті қылмысты ескерту үшін әкімшілік қадағалау қойылады.

Сотталғанның меншік құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы арқылы қорғалады, онда: "Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды", - делінген. Сотталғанды жазаны өтеу кезінде азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды (Қазақстан Республикасы Конституциясы, 17-бап). Тіпті ең ауыр өлім жазасы белгіленген адамға Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-бабына сәйкес кешірім жасауды арыздау құқын кепіл етіледі. БҰҰ 1984 ж. 25 мамырындағы "Өлім жазасына кесілгендердің құқын қорғауды кепіл ету шаралары" құжатына сәйкес өлім жазасын орындау кезінде бұл процедура мүмкіндігіне қарай жеңіл азап шектіруі тиіс.

Бас бостандығынан айырылған адамдардың бәрінің де, олармен адам баласына тән имандылықпен айналысуға, абыройын сыйлатуға құқы бар. 1966 ж. 16 желтоқсанындағы "Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіде" былай көрсетілген: "Пенитенциар жүйесінің қамаудағы адамдарға режим қойғандағы мақсаты - оларды түзеу және әлеуметті етіп қайта тәрбиелеу". "Барлық қамаудағылар адамгершілік қасиеті ретінде өздерімен сыйлы қарым-қатынаста болуды пайдалануға тиісті" (1990 ж. 14 желтоқсандағы қамаудағылармен айналысудың негізгі принциптерінен алынды).

Мемлекет жағынан сотталғандардың құқықтық жағдайы жақсара қалса, ондайда заңның кері күші болуы тиіс. Егер де заңмен қандай да болмасын құқық бұзғаны үшін сазайын тарту (немесе жазалау) жеңілдетілсе, тіпті бұл әрекеттің заңға қайшылығы жойылса, мұндай заңның міндетті түрде кері күші болады.

Жазаны орындау - мәжбүрлеу акциясы, ол мемлекет жағынан күш қолдану арқылы қамтамасыз етіледі, ол тиісті құқық шектелу қиыншылығына апарып соқтырады. Сотталғандар заң жүзінде тиісті құқыққа ие болғандықтан, ол олардың занды мінез-құлқына күш қолданбаудың кепілі болып есептеледі. Сотталғандарға жаңа міндеттер жүктеледі, оны объективтік қажеттілік, тиісті оның мінез-құлқы деп түсіну керек. Мемлекет сотталғанның мінез-құлқын белгілей отырып, талап қояды және оның заңды міндеті болғандықтан оған кепіл болады.

Бұл міндеттерді бұзғаны үшін оған сәйкес тиісті жауапкершілік жүктеледі. Мысалы, Қазакстан Республикасының қылмыстық заңында, егер бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстык жаза атқарып жатқандардың басқа түзелу жолына түскендерді қудалағаны немесе қамаудан қашқаны, бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден бас тартқаны, еңбекпен түзеу мекеме әкімшілігінің талабына қасақаналықпен көнбегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Сотталғанның мұндай құқық шектеулер көлемі жынысына, азаматтығына, жасына, жаза түріне, бұрын сотталғандығына байланысты. Мысалы, Конституциялық күші бар 1995 ж. 28 қазандағы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының 4-бабына сәйкес, сот үкімімен еркінен айыру орындарында отырған Қазақстан азаматтары сайлауға қатыса алмайды, яғни актив, пассив сайлау құқығынан айырылады. Сотталған әйелдердің құқық жағдайынын басқа сотталғандарға қарағанда өзгеше айырмашылығы бар. БҰҰ 1985 жылғы 6 қыркүйектегі Ең аз үлгі Ережеде кәмелетке толмағандарға әділ сот қолданылғанда жеңіл жазалау жағын қарау сияқты түзеу мекемелеріне орналастырылған, құқық бұзған жас әйелдерге де айырықша көңіл бөлуді ұсынады. Сонымен бірге құқық бұзушы әйелдерде, әдетте, ерлерге қарағанда аз назар аударылатындығы көрсетілген.

Қазақстанда тұратын шетелдіктер сонымен қатар азаматтығы жоқ адамдар құқықтық мәртебеге шектелген көлемде ғана ие болады. Сотталған шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың құқық шектелу көлемі аз болады, тек олар, мысалы, жалпы әскери міндетті емес, сайлау құқығымен пайдаланбайды. Шетелдіктерге Қазақстан Республикасында тұру орнын таңдауға және оны ауыстыруға белгілі шектеулер қойылады.

Сотталған шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының және басқа да ТМД елдерінің сотталған азаматтарынан бөлек отырады. Сотталған шетелдікке жазасын өтеп шықпайынша немесе жазадан босатылмайынша Республикадан кетуге рұқсат етілмейді.

Ең аз үлгі Ережесіне сәйкес қамаудағы отырған шетелдік ұсталғандармен айналысқанда өз елінің елшілік немесе консулдық өкілдерімен байланысын мүмкіндігіне қарай жалғастыруды қамтамасыз ету тиіс.

Қазақстан кейбір халықаралық-құқықтық шарттарға қосылған жоқ. Соның бірі - бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жаза өтеуге азаматы болып есептелетін мемлекетіне беру Конвенциясы. Осы құжатқа сәйкес сотталғандар жазаны өткергенге дейін кез келген уақытта өзінің бастауымен немесе шет мемлекеттің құзыретті органдарының сұрауымен және сотталғанның немесе оның туыскандарының өтініші бойынша беруі мүмкін. Бұл жағдайда үкімді қайта қарау үшін жазаны атқаруға жіберілген адам сот үкім шығарған мемлекеттің құзырлы органына баруға болады.

Сотталғандарды құқықпен қорғау мынадай кепілдіктер жүйесімен қамтамасыз етіледі: сотталғандардың ұсыныс, арыз, шағым жіберуге және оны қарау тәртібі туралы құқығы; мемлекеттің үкімет органдарының бақылауы; соттық және мемлекеттік бақылау; прокурорлық қадағалау; жазаны өтейтін мекемелер мен органдар әкімшілігінің заңның сақталуын қарайтын қоғамдық бақылау; халықаралық және ұлттық құқық қорғау ұйымдары өкілдерінің осы мекемелерге қатысы. Қазіргі заманда адам құқығы туралы халықаралық нормалар әділсот жүргізу саласында жеке адам құқығының мәртебесіне елеулі түрде әсер етеді. Қазақстанның халықаралық шартты бекіту акті мемлекет үшін заңдарын өзіне алған міндеттеріне сәйкестендірудің қажеттілігін көрсетеді. Халықаралық құқық бірте-бірте жан-жақты болуда, ал оның нормалары мен принциптері халықаралық бірлестіктің барлық мемлекеттеріне міндетті.