Смекни!
smekni.com

Мектеп жасына дейінгі бала а экологиялы т рбие беру ма ыздылы ы (стр. 5 из 14)

Экологиялық таным - ақылы, сезімі ретінде баланың ең басты қасиеттерінің бірі - өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше ұмтылысы. Бала айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғатты танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, табиғаттың даму заңдылықтарын білуге әрекет жасайды, өзінің құрдастарымен қарым-қатынасын белгілейді. Демек, экологиялық таным баланың қоршаған орта жөніндегі жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы болып есептеледі.

Экологиялық қарым-қатынас – баланың табиғатты танып білуге, оны қамқорлығына алуға, өзгертуге және сақтауға бағытталған танымдық, қызметтің маңызды бөлігі. Экологиялық қарым-қатынас «адам мен табиғат», «табиғат–қоғам» жүйесінің тиімді жағдайын қолдау мақсатында адамдардың өз арасында пайда болады.

Экологиялық іс-әрекет – адамның табиғи ортаны танып білуімен, меңгеруімен, өзгертуімен және сақтауымен сипатталады. Мәселен, техника саласындағы-өндірісті экологияландыру, ғылымдағы-экологиялық проблеманың төңірегіне интелллектуалдық күштерді жинақтау, құқық саласындағы - табиғатты қорғау жөніндегі заңдарды дайындау сияқты педагогикада - экологиялық ойлау стилі мен табиғаттағы пайдалы іс-әрекет дағдыларын меңгерту.

Экологиялық сезім – табиғаттағы әсемдікті қабылдап, бағалау кезіндегі рухани ләззат алушылықтың ең жоғары көрінісі. Табиғаттың сұлулығына сүйсіне білу, адамды көріксіз нәрседен жирендіріп, жақсылыққа ұмтылуға бастайды.

Экологиялық қызығушылық – адамның қоршаған ортаға, табиғатқа деген ерекше көңілі. Қызығушылық табиғаттағы белгісіз жағдайларға қызығу, оның заңдылықтарын, құпия сырларын, табиғат құбылыстарының бір-бірімен қатынасы мен өзара байланысының себебін біліп, оны әрі қарай зерттеуге ұмтылудан тұрады.

Экологиялық көзқарас – тұлғаның ішкі сұраныстарынан туындап, объективті дүние мен ондағы адамның алатын орнына, адамның өзін қоршаған шындыққа және оған қатынасына байланысты қалыптасатын дүниетанымы мен көзқарастар жүйесі.

Адамзаттың табиғатпен саналы қатынас жасауы, оған құрметпен қарап құндылығын бағалауы ежелден қалыптасқан түсінік. Сол себепті оны тарихи -философиялық ғылымдардағы ой-пікірлермен тығыз байланыста қарастырған жөн. Аристотель «Заттың бастамасы тек материя түріндегі бастама... табиғаттан тыс еш нәрсе жаратылмайды және еш нәрсе өлмейді, олар мәңгілік сақталып қалады»,- деп табиғат құндылығын сақтауды мұрат етсе, Гераклит «... табиғаттың өзі көп сырын аша бермейді, адамдардың көпшілігі әбден тойынған, сол себепті олар табиғат сырын түсінуге талпынбайды»- дейді, ал неміс философы Л.Фейербах болса «адам табиғаттың ең жоғарғы нәтижесі, сондықтан оны табиғаттан бөліп қарастыруға болмайды»,- деп ой түйіндейді. Философтардың зерделі ой-тұжырымдарынан мынадай қорытынды шығаруға болады: біріншіден, табиғат заңдарын өшпенділікпен бұзу жағдайында, адам тарапынан көрсетілген зорлықта табиғат өзінің қасиетін жоғалтып, өсіп-өну қабілетінен айрылады; екіншіден, табиғаттың даму заңдарын білмейінше, табиғат пен адам арасындағы қайшылықтарды туғызған себептермен емес, оның зардаптарымен күресуге көп күш-жігер жұмсалады, үшіншіден, табиғатты тек білімді адамдар ғана түсінеді, адамдардың табиғат туралы білімі, тәрбиесі болғанда ғана, олардың қоршаған ортаға деген аялы көзқарасы қалыптасады.

Жеке адам мен қоғамның табиғатқа деген оң көзқарасын, ізгілік қарым-қатынасын қалыптастыруда ең алдымен кейбір әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешіп алу қажет:

- экологиялық және табиғат қорғау заңдарын жетілдіру, оларды бұлжытпай орындау;

- қоршаған ортаның тазалығы мен адам денсаулығының үйлесімділігін сәйкестендіру;

- экологиялық білім беруді үздіксіз, сабақтастықта ұйымдастыру.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының мақсатына, мазмұнына, түрлеріне, жаңа педагогикалық технологияларға негізделген әдіс-тәсілдерге байыптап қарап, бағамдау үшін біз үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының философиялық-педагогикалық генезисіне мән бердік.

«Сабақтастық», «үздіксіздік» ұғымдары даму, біртіндеп және сатылай өзгеруді білдіретін болса, белгілі бір кезеңде сандық өзгерістер құбылыстың жаңа сапаға өтуіне әсер етеді, сөйтіп өзгерістердің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Сабақтастықтың философиялық заңдылықтары мен мәні бірқатар ғалымдардың (Э.А.Баллер, Б.С.Батурин, А.И.Зеленков, Г.Н.Исаенко, З.А.Мукашевтың және т.б.) зерттеулерінде қарастырылып, сабақтастықтың терістеуді терістеу заңының маңызды жақтарының бірі екендігіне мән беріледі. Солардың ішінде Э.А.Баллердің көзқарасынша «сабақтастық – жүйеліліктің өзгермелі элементтерінің тұтастай немесе бөлек түрде ұйымдастырылуын сақтау тұсында болмыс пен танымның бірнеше сатылары мен кезеңдері арасындағы өзара байланысы, яғни бір жағдайдан келесі жағдайға көшуі» болып саналады.

Сабақтастықты біржақты процесс деп қарастыруға болмайды, өйткені ол байланыс орнату механизмінің өзін анықтауы тиіс және сонда ғана сабақтастық кез келген дамудың әдіснамалық ұстанымының негізі бола алады. Сабақтастық кең мағынада алғанда үш бірлікті процесс. Бұл терістеуді терістеу заңын ұстанатын а)деструкция (бұзу, алдыңғыны ығыстырып шығару); ә)кумуляция (ішінара сақтау, мұра ету, көрсету); б)конструкция (құру, жаңаны жасау, қалыптастыру) және тар мағынада сабақтастық сақтау, мұра ету, беру, көрсету сияқты сандық қасиеттері жағынан қарастырылатын процесс.

Сонымен, философиялық түсінікте сабақтастық дегеніміз – тарихи процестің сатылық сипатын анықтайтын маңызды заңдылық. Экологиялық тәрбие сабақтастығының философиялық мағынасы барлық жақсы, оң нәрселерді сақтау талабымен бірге жаңалық енгізуге, өзгертуге әзірлікті қамтиды. Даму процесін, сондай-ақ терістеудің салыстырмалылығын дұрыс түсіну үшін аталған категорияны ескіні қарапайым түрде жою ретінде емес, мағынасы бар процесс түрінде нақты қарастыру қажет сабақтастық кездейсоқтық емес, ол дамудың сатылық сипатын қамтамасыз ететін қажетті заңды құбылыс.

Дүниеге келген жаңа, ескінің ішіндегі мәдениетті, мәнді әдет-ғұрыпты, өміршең дәстүрлерді, тағы басқаларын өркендетеді. Ескі мен жаңаның арасындағы диалектикалық байланыс сабақтастық жолымен дамытылады. Сабақтастық болмаса, дәуір мен дәстүрдің, қоғам мен қоғамның, ұлт пен ұлттың арасында ешқандай байланыс орын алмайды. Дүниежүзілік өркениет те өткен дәуірдің ұшан-теңіз байлығын кіршіксіз сақтау негізінде пайда болды. Ендеше, бұл сабақтастық- қажетті, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын заңды процесс.

Одақтық энциклопедияда сабақтастық – «даму процесінде құбылыстар арасындағы жаңаның ескіні ығыстыра отырып, оның кейбір элементтерін өзінде сақтап қалатын байланыс» деп берілсе, педагогикалық энциклопедияда «Оқытудағы сабақтастық – оқу пәнін оқып-үйренудің түрлі сатыларында оның бөліктері арасында қажетті байланыстар мен дұрыс арақатынасты құрудан тұрады» деп көрсетілген. Олай болса, сабақтастық ұғымы оқытудың әрбір сатысында оқушылардың білімдері мен біліктеріне, жаңа оқу материалын түсіндіру формаларына, әдістері мен тәсілдеріне және оны бекітуге бағытталған барлық жұмыстарға қойылатын талаптарды сипаттайды.

Сонымен ғалымдардың берген анықтама-түсініктеріне және Білім заңына жасаған талдау білім беру жүйесінің әрбір буыны немесе сатысы бір-бірінен бөлініп, жекеленіп қалмай, келешекте берілетін біліммен сабақтастықта жүргізілгенде, бала бұрынғы сатыда алған білімін еске түсіру арқылы жаңаны қабылдауға ұмтылыс жасайды деп ой тұжырымдауымызға және: сабақтастық - үздіксіз білім беру процесіндегі баланың дене және рухани дамуының ішкі үйлесімді байланысы мен жеке басы дамуының бір сатыдан екінші сатыға өтудегі ішкі дайынды, ал үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы→ балабақша → бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығы – баланың қоршаған ортадағы әсемдікті сезініп,оны бағалай білу қасиеттері мен дағдыларының мектепке дейінгі кезеңнен бүкіл ғұмырындағы түрлі сатылар арасындағы байланысы деп өз анықтамамызды беруге септігін тигізді.