Үздіксіз білім – толассыз, тоқтаусыз білім, ешқашан аяқталмайтын, өміршең білім. Үздіксіз білім адамның өмірге келген күнінен басталып, өмірінің соңғы күніне дейін жалғасын табатын процесс, қазіргі «өмір бойы білім алу» қағидасы білімнің үздіксіздігі идеясының заңды жалғасы.
Демек, «үздіксіз білім беру» термині әлемдік практикада осыдан алпыс жыл бұрын қолданысқа енгенімен, оның негізгі идеялары екінші дүниежүзілік соғыстан кейін-ақ жариялым алды. Үздіксіз білім берудің басты идеясы «өмірлік білім беру» идеясының орнына «өмір бойы білім алу» идеясын басшылыққа алудың дұрыстығы заман талабынан туындап отыр.
Н.А.Лобановтың сөзімен айтқанда «үздіксіз білім беру» біріншіден, жеке тұлғаның даму кезеңдеріне үздіксіз білім берудің белгілі бір басқыштары мен деңгейлері, оның нақты мақсаттарын іске асыру шарттары мен мүмкіндіктері сәйкес келеді.
Екіншіден, білім беру жүйесін біріңғай үздіксіз білім беру жүйесіне айналдыру үшін бірқатар ұстанымдарды негізге алу керек, атап айтқанда: үздіксіздік, демократиялық, жалпылық және т.б. ұстанымдар.
Үшіншіден, үздіксіз білім беру жүйесі оның сатылық және көп құрамдық құрылымынан көрінеді: білім берудің көп деңгейлілігі ( отбасы, балабақша, бастауыш, орта, жоғары және жоғарыдан кейінгі); мамандарды даярлаудың көп сатылығы; оқу орындарының көп қызметтігі (оқытуды ұйымдастырудың түрлі формалары); білім бағдарламалары мен құрылымының вариативтігі.
Осы қағидалардың негізінде үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатыларын қамтитын кешен қолданылады. Бұл кешенде сабақтастықтың екі принципі сақталады: төменнен жоғарыға дейін; жоғарыдан төменге дейін. Ал, бұл білім беру сатыларының сабақтастығы жүйесін қамтамасыз етеді: отбасы → балабақша →бастауыш мектеп →арнайы орта білім → жоғары білім → жоғарыдан кейінгі білім (Білім жетілдіру). «Жоғарыдан төмен» жүйесі оқу орындарының басқару қызметін білдіреді. Демек, мұндай құрылым білім беру кеңістігінің біртұтастығын, сабақтастығын қамтамасыз етеді. Оқу жоспарлары мен бағдарламаларын дұрыс интеграциялаған жағдайда білім алушылар білім берудің төмен деңгейінен жоғары деңгейіне жеңіл өте алады.
Біздің зерттеуімізге сәйкес үздіксіз білім берудің біріңғай жүйесінің бірінші сатысы - отбасы, яғни баланың алғашқы әлеуметтік ортасы - мұнда баланың өзін-өзі тәрбиелеу, білім алуға деген алғашқы іс-әрекет дағдылары қалыптасады. Бұл баланы балабақшаға дайындаудың алғашқы қадамы болып есептеледі.
Үздіксіз білім берудің бірыңғай жүйесінің екінші сатысы - мектепке дейінгі тәрбие. Мектеп пен басқа оқу мекемелері қызметінің нәтижесі негізінен мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты. Бұл ерекшеліктер балабақша мен бастауыш мектептердегі тәрбие сабақтастығының тиімділігін дәлелдейді.
Үшінші саты – бастауыш мектеп, балабақшада берілетін тәрбие мазмұнының жалғасы және жоғары сатыларда берілетін білімнің негізі, алғашқы бастауы.
Үздіксіз білім берудің негізгі сипаты білім беру жүйесінің біртұтастығымен айқындалып, білім беру сатыларының арасындағы тығыз байланыстың болуы сабақтастықты білдіреді. Ал, бұл болса үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие беру сабақтастығын білім беру процесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды талап етеді.
Қазақстан Республикасының 2004–2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында еліміздегі толассыз белең алған экологиялық ахуалды жақсартудың жаңаша мүмкіндіктері айқындалып, экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше мән беріледі. 2006 жылы қабылданған «Экологиялық кодексте» экологиялық саясатты дәйектілікпен жүзеге асырудың механизмі реттеліп, оның жоғары деңгейде шешілуі қажеттігі басты назарда болды.
1950 жылы қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық одағының жанынан табиғат қорғау жөнінде білім берудің тұрақты комиссиясы құрылып, табиғатты қорғау, сақтау, оған жауапкершілікпен қарауға жұмылдыру мәселесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы назар аудара бастады. 1960 жылдың аяғында педагогикада экологиялық білім мен тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық, әдістемелік негізін қалыптастыру бағытында «табиғат қорғауға оқыту» термині кең қолданылды. 1970 жылдың ортасында бұл терминді «табиғат қорғауға тәрбиелеу» термині ауыстырып, соңғы жылдары уақыт талабына сай «экологиялық тәрбие», «экологиялық білім» терминдері пайдаланылуда.
Экология – биология ғылымының негізінде ХІХ ғасырдың орта шенінде айқындала бастағанымен, оның өз деңгейіне көтерілуі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы болып саналады.
Осы тұрғыдан алғанда жалпыға бірдей экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсат-міндеттерін, республикамыздың үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды, жастардың көзқарасын, табиғатқа жауапкершілік қарым-қатынасын қалыптастыруды, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықты экологиялық білім мазмұнымен жаппай қамтып, оны сабақтастықта жүргізуді талап етеді.
ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша ХХ ғасырдың соңғы 20 жылының «Экологиялық білім беру жылы» деп жариялануы үздіксіз экологиялық білім берудің барлық өркениетті елдерде ең басты әрі көкейкесті проблема болып отырғандығын тағы да дәлелдеп берді.
Экология мәселесі жөніндегі қабылданған мемлекеттік құжаттарда болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздері көрсетіліп, биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануға бағытталған іс-шаралар белгіленген. Мәселен:
- мектепке дейінгі мекемелер мен арнаулы орта және жоғары оқу орындарында экологиялық білім негіздерін міндетті түрде оқыту;
- басшы қызметкерлер мен мамандардың кәсіби экологиялық даярлығы және қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар негізінен білімі болуы;
- қоршаған ортаны қорғау саласынан ғылыми зерттеулердің, конструкторлық және практикалық тұрғыда тәжірибеге енгізу жұмыстарының мемлекет тарапынан қолдау табу мәселелері атап көрсетілген.
Қоршаған ортаны қорғау туралы пікірлерді біз көне дәуір оқымыстылары Эмпедокл, Гиппократ, Теофраст еңбектерінен көреміз. Олар өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінің біріншіден морфологиялық, екіншіден физиологиялық бейімделушіліктің қоршаған ортаға тәуелділігін экологиялық тұрғыдан қарастырды.
Шығыстың екінші ұстазы, әл-Фарабидің пайымдауынша табиғаттың баға жетпес байлығы біріншіден адамды оқу-білім, тәлім-тәрбие, ізгілік сияқты қасиеттерге баулу үшін алдымен қоршаған дүниені, табиғат құбылыстарын танып-білу керек; екіншіден табиғатты аялау, ізгілікке баулу ұлттық тамырдан нәр алады, үшіншіден табиғатқа деген адам көзқарасының дұрыс бағытта болуы оның ой-сезіміне әсер етіп, мінез-құлқын жетілдіру арқылы жүзеге асады.
Ұлы Абай да өзінің қарасөздерінде табиғат туралы философиялық ой-пікірлер мен табиғат заңдылықтарын терең пайымдап, табиғаттың бар байлығын адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете келе, «Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз», – деп өскелең ұрпақты табиғат-ананы сүйе білуге үндегені белгілі.
Демек, философтардың, педагогтардың еңбектеріндегі ой-тұжырымдардан олардың экологиялық тәрбие беруді экологиялық сана, экологиялық таным, экологиялық қарым-қатынас; экологиялық іс-әрекет; экологиялық сезім; экологиялық қызығушылық; экологиялық көзқарас ұғымдарымен бірлікте қарастырғанын байқаймыз. Егер, табиғатты қорғау – әлеуметтік табиғи түзілім десек, оның құрылымын құрайтын экологиялық ұғымдарға зерттеуіміздің мазмұнына сай, біз төмендегідей мазмұндық сипаттама беруді жөн көрдік:
Экологиялық сана - экология саласындағы мәселелерді шешу, ең алдымен адамның оған қатысты экологиялық санасын қалыптастыруды қажет етеді, экологиялық сана экологиялық білім, табиғатты және қоршаған ортаны қорғау заңдылығын бұзғандармен өздік қалауы бойынша белсенді күрес жүргізудегі талпынысы немесе әрекеті, сол себепті экологиялық сана қоғамдық сананың формасы ретінде маңызды қызмет атқарады.