Дми́трий Ива́нович Менделе́ев
Дми́трий Ива́нович Менделе́ев (27 қаңтар (8 ақпан) 1834, Тобольск — 20 қаңтар (2 ақпан) 1907, Сән-Питербор) — орыс ғалымы және қоғам қайраткері. Химик, физикохимик, физик, метролог, экономист, технолог, геолог, метеоролог, педагог, энциклопедист. Ең атақты жаңалығы химиялық элементтерінің периодтық кестесі.
Мәселен, календарь, сағат немесе көбейту таблицасы тәрізді адам қажет етпей тұра алмайтын бір заттар болады. Химияның дәл сондай «көбейту таблицасы» химиялық элементтердің периодты системасы болып табылады. Оны 1869 жылы өз отандасымыз Д. И. Менделеев жасады.
Дмитрий Иванович Тобольск қаласында дүниеге келді. Оның балалық шағы қиыншылықпен өтті. Өзі Тобольск қаласындағы гимназия директорының он жетінші баласы болатын, жастайынан бұғанасы қатпай жетім қалды. Менделеев педагогикалық институтты бітіріп, ең әуелі мұғалімдік қызмет атқарды. Сол кезде көптеген болашақ көрнекті химиктер оның оқушысы, шәкірті болды.
Ол «Химия негіздері» деп аталатын тамаша оқулық жазды. Бұл оқулық нағыз химия энциклопедиясы еді. Менделеев оны жаңа ашылған жаңалықтармен толықтырып, үнемі жетілдіріп отырды. «Химия негіздерімен» айналыса жүріп, ол химиялық элементтердің атақты периодты системасын да жасады.
Д. И. Менделеев егер элементтерді ең жеңіл – сутегінен бастапең ауыр – уранға дейін олардың атомдық салмағының өсуі реті бойынша орналастырса, сол кезде белгілі болған 63 химиялық элементтің қасиеттері периодты түрде қайталайтындығын ашты. Бұл заңдылық табиғи заңдылықтарды анықтаған және осы жаңалық ашылғанға дейін химиялық элементтер әлемінде болған шатасушылықты ретке келтірген периодты системаға негіз болды.
Өзінің системасына сүйене отырып, Менделеев әлі белгісіз бірнеше элементтердің бар екенін болжады және олардың аса маңызды қасиеттерін сипаттап берді. Ақыр аяғында бұл элементтердің бәрі де ашылды. Сондай-ақ ол химия ғылымындағы ең алғашқы нағыз ғылыми болжам болды.
Адам баласына тән қызмет атаулының Менделеев назар аудармаған саласын табудың өзі қиын.
Ол мұнай кен орындарын, мұнайдың әр алуан құрамын зерттеп көрді. Сірә, ол мұнайдың отын ретінде ғана емес, одан көптеген аса маңызды заттар алудың көзі ретінде де құнды дүние екендігіналғаш тұжырымдаған да болуы керек. Ол жер атмосферасын зерттеді және қорықпастан жалғыз өзөі әуе шарымен көкке ұшты.
Ол Арктиканы игеру ісіне де көңіл бөліп, мұзжарғыш кеменің жобасын жасады. Бірақ бұл мұзжарғыш кемені жасау ісі қолдау таппай қалды.
Ол көп жылдар бойы өлшем мен салмақ бас палатасына директор болып, дәл өлшемдер жөніндегі ғылымның дамуына ықпал жасады.
Менделеев ауыл шаруашылығымен айналысты, сауда ісін зерттеді, түтінсіз дәрі құрамын жасап шығарды, әуеде ұшу ісіне де көңіл аударды... Оның Толық шығармалар жинағы қалың-қалың жиырма бес томнан тұрады. Ол дүние жүзінің көптеген елдерінің академиялары мен ғылыми қоғамдарына құрметті мүше болып сайланды.
Бір күні Бобловада (Менделеевтің имениесі) шаруалар Менделеевтен: «Дмитрий Иванович, сенің егінің қалайша осылай бітік болып шықты. Бұл өзі саған біткен талант па, әлде бақыт па, осыны түсіндірші бізге?»- деп сұрайды. Сонда Менделеев оларға күлімсірей қарап: «Әлбетте, талант, бауырларым!» - деп жауап беріпті. Шынында да, ол ешқандай асырып айтпаған еді. Оның әрбір ісі нағыз таланттың, талант болғанда да үздіксіз еңбекпен еселенген толассыз таланттың туындысы болатын. Ол өзін кемеңгер деп атағанды ұнатпайтын. «Қайдағы кемеңгерлік дейсің. Өмір бойы еңбектендім, міне соның нәтижесі», - дейтін өз еңбегі жайында.
Менделеевтің дүние салуы – бүкіл ел қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Мыңдаған адам оны ақырғы сапарға аза тұтып шығарып салды. Менделеев Петербургтегі Волково зиратына жерленді. Азалы шеруге қатысушылар өздерімен бірге элементтердің периодты системасының үлкен кестесін алып жүрді. Ол Менделеевтің өзінен кейінгі ғалымдар ұрпағына қалдырған өсиеті сияқты еді.