Смекни!
smekni.com

лемдік аржы да дарысы аясында аза стан экономикасын дамыту м селелері (стр. 1 из 4)

Сагимбаева А.Ю.

Әлемдік қаржы дағдарысы аясында Қазақстан экономикасын дамыту мәселелері

Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында экономиканы дамытуға қоғамды басқару мен өндіріс салаларында экономикалық тиімді және озық инновацияларды жетілдіру негіз бола алады.

Ғалымдар мен мамандардың көпшілігі жиі қайталанып жатқан экономикалық дағдарыстар себептерін экономиканы басқару модельдерінен іздейді. Осыған орай, анағұрлым қолайлы басқару құралдарын анықтау мақсатында экономикалық модельдердің батыстық, исламдық және басқа да түрлерін зерттейді.

Ұлттық экономиканы басқару үшін жекелеген елдердің үкіметтері әлемдік тәжірибеден негізінен екі үлгіні қолданатындығын көруге болады. Олардың біріншісі - басқарудың монетарлық үлгісі, ал екіншісі - өндірістік үдерістер технологиясымен басқару үлгісі. Шын мәнінде, бұл үлгілер бір экономикалық жүйенің екі жағы тәрізді, экономиканы басқарудың өзара толықтырушы құралдары болып табылады. Кезінде олардың арасындағы байланыстар өндірістің капиталистік және социалистік тәсілдері дамуының идеологиялық себептері бойынша ажырап қалған болатын. Басқарудың ұштасқан екі үлгісінің арасындағы ажырап қалған байланысты қалпына келтіру арқылы әлем елдерінің көпшілігінде қолайлы экономикалық басқарудың сапалы жаңа технологиясы құрылуы мүмкін.

Басқарудың аталған негізгі екі түрін талдау нәтижесінде бірінші үлгінің жеке секторды дамытуға негізделіп, нарықтық әдістермен басқарылғандығын, ал екіншісінің – экономиканың мемлекеттік секторын дамытуға негізделіп, жоспарлық әдістермен басқарылғандығы көрінеді. Бұл жалпы жүйелік айырмашылықтар салдарының нәтижесінде көптеген батыс елдерінің мемлекеттік басқаруларында қаржы ағындары арқылы реттелетін экономиканы басқару тәжірибесі қалыптасты, ал бұрынғы КСРО-да тауар ағындары арқылы реттелетін экономикалық дамудың үлгісі басым қолданылды [1, б.5].

ҚР егемендігін алысымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен ұлттық экономиканың негізгі салалары нарықтық қатынастарға бағытталды. Кеңес дәуірінде мемлекет өзі ғылыми зерттеулерге тапсырыс жасап, қаржыландырып, оларды мемлекеттік кәсіпорындарда іске қосатын болса, енді Қазақстан өнеркәсіптерінің 90% жуығының жекешелендірілуіне орай мұндай байланыс жойылып кетті.

Әлемде орын алған қаржы дағдарысының басты себебі - әлемдік валюта АҚШ долларының шектен тыс көп мөлшерде шығарылуы деп баспасөз беттерінде жиі жарияланатын болды [2]. Алайда, бұл дағдарыстың себептері Елбасынының «Дағдарыстан шығу кілті» аты мақаласында нақты әрі тереңінен қарастырылып, оған келесідей анықтама беріледі: «Бүгінде елдер мен континенттерді тітірентіп тұрған жаһандық әлемдік дағдарыс – бұл адамзат әлі біліп болмаған айрықша құбылыс. Ол әлем тарихында теңдесі жоқ және әлемдік тәртіпті, барлық экономикалық бастауларды түбегейлі өзгертетін құбылыстар санатына жататыны анық. Сондықтан да оны талдауға, ой-елегінен өткізуге және еңсеруге барлық ескі догмалар мен стереотиптерді қайта қарастыратын жаңаша көзқарас қажет»[3].

Әрине, жаңаша көзқарастың қалыптасуына бірталай уақыттың кететіні сөзсіз. Алайда, мұндай игі бастаманың алғашқы қадамын Қазақстан жасап та үлгерді деп айтуға болады. Оған 2003-2015 жж. арналған ҚР Индустриалды-инновациялық даму Стратегиясы дәлел. Ғылыми-технологиялық саясат – экономиканың тұрақты дамуының басты тетігі. Алайда, елде ғылыми зерттемелерге деген сұраныстардың болмауы және осының салдары болып табылатын өнеркәсіптердегі инновациялық белсенділіктің төмен деңгейі экономиканы реформалаудағы ғылымның ролін бағаламаудан туындайды. Шын мәнінде, өндіріс факторларының өнімділігіне тек қана ғылыми-техникалық және инновациялық прогресс арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Қазақстандағы ғылымның дамуына басқа индустриалды дамыған елдердегімен салыстырғанда түбегейлі ерекшеліктер тән. Дамыған елдерде іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруға кететін шығындарға жыл сайынғы өсім, ғылым мен жекеменшік сектордың интеграциясы арқасында ғылыми жаңалықтарды жедел іске қосу, ғылымның корпоративтік секторын құру мен дамыту, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді пайдалану тән.

Атап айтсақ, 2000 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған мемлекеттік шығындар келесідей көрсеткіштерге ие: АҚШ – 246 млрд. долл. (ЖІӨ-нің 2,9%), Жапонияда – 94,2 млрд. долл. (ЖІӨ-нің 3,0%), Германияда – 45,8 млрд. долл. (ЖІӨ-нің 2,35%), Францияда – 28,0 млрд. долл. (ЖІӨ-нің 2,25%), ал Швецияда – 7,6 млрд.долл. (ЖІӨ-нің 4,0%) [4, б. 373].

Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға соңғы бес жыл ішінде ЖІӨ-нің 0,2% жұмсалады. Бұл, әрине, төмен көрсеткіш. Алайда, Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне орай, 2010 жылға дейін кезең-кезеңмен аталған көрсеткішті ЖІӨ-нің 2% дейін көтеру, ал 2015 жылы 2,5-3,0% жеткізу көзделіп отыр [4, сол жерде].

Кейбір ғылыми-зерттеулерді қажетті деңгейде қаржыландырмау мен жауып тастау салдарларынан көптеген жас ғалымдар ғылым саласынан кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ, ғылымның материалды-техникалық базасы тозып, ескірді.

Индустриалды-инновациялық саясатты мемлекет тарапынан келесідей шаралар қолдану арқылы ғылыми тұрғыда қамтамсыз етуге болады:

- Ғылымды әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде анықтау;

- Ғылыми сиымдылығы мол, ресурстарды үнемдеуші, экологиялық таза өнім шығаруға бағытталған және экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өнім өндіруге арналған зерттеуерді дамыту;

- Ғылыми жетістіктердің тәжірибелік тұрғыда іске асуын қамтамасыз ететін тетіктер жүйесін құру мен ынталандырушы жағдайларды жасау;

- Экономиканың жаңалықтарды қабылдау мүмкіндігін арттыру (сұранысты ынталандыру) және соларды отандық ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді қолдану арқылы қамтамасыз ету (ұсынысты ынталандыру);

- Ғылыми зерттеулер жүргізу үшін материалдық базаны нығайту;

- Кадрлық мүмкіншіліктерді сақтап қалу мен дамыту, ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша жоғары дәрежеде білікті ғылыми кадрларды даярлау және аттестациялау;

- Ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында ғылыми ұйымдарды аттестациялау мен аккредиттеу жүйесін жетілдіру;

- Ғылымның мемлекеттік емес секторын құру және дамыту, оған мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін дайындау;

- Жас дарынды ғалымдарға қолдау көрсету;

- Мамандарды әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарынан тәжірибеден өткізу;

- Ғылыми зерттеулерді грант негізінде қаржыландыру тетіктерін құру мен жетілдіру;

- Қазақстан ғылымын халықаралық ғылыми-технологиялық қоғамдастығымен интеграциясын қамтамасыз ету [4, б.374].

Бүгінгі таңда мемлекет ғылыми зерттеулерге тапсырыс береді, оларды қаржыландырады, алайда олардың тәжірибе жүзінде пайдаланылуы іске аспай қалады. Өйткені жекеменшік сектор оларды қажет етпейді. Осылайша, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс ажырап кетті. Мұның себебі қазақстандық өндірістің ғылыми жаңалықтарды керек етпеуінде емес, керісінше отандық өндіріс үшін жоғары технологиялар өте қажет, сол себепті де олар шет елдерден дайын технологияларды сатып алуға мәжбүр.

Экономикалық қатынастардың жалпы жүйесінде инновациялық қызметке үлкен көңіл бөлінеді. Өйткені оның түпкілікті нәтижесі болып өндірістің тиімділігінің артуы, еңбек пен капитал тиімділігінің артуы, жоғары технологиялық өнімнің көлемі табылады, ал бұлар, өз кезегінде – мемлекеттің экономикалық қуаттылығын білдіреді.

Индустриалды дамыған елдерде кадрларды даярлауға, өндірісті ұйымдастыруға, технологиялардан, жабдықтардан көрініс табатын жаңа білім алуға ЖІӨ өсімінің 85-90% жұмсалады. Бұл елдерде жаңа технологияларды іске қосу нарықтық бәсекелестіктің маңызды факторына айналып, өндіріс тиімділігін арттырудың және қызмет пен тауар сапасын жетілдірудің негізгі құралы қызметін атқарады.

Қазіргі кезеңде Қазақстан экономикасының өзекті стратегиялық мәселелері болып бәсекеге қабілетті өнімдер алуға бағытталған отандық ғылыми сиымдылығы мол өндірістерді дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды дайындау мен игеру, сондай-ақ республиканың өндірістік және ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін сақтап қалу мен дамыту арқылы ұлттық экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету табылады.