Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты инновациялық үдерістерді белсенді етуге, жаңа технологиялық үрдістерді іске қосуға, өңдеуші өнеркәсіптерде жаңа бөліністерді игеруге, ұлттық ғылыми-техникалық мүмкіншіліктерді дамытуға, ғылым мен өндіріс арасындағы ажырастықты қалпына келтіруге, инновация саласындағы қызметтерді ынталандыруға, алдыңғы қатарлы шет елдік технологиялардың нақты трансфертін қамтамасыз етіп, халықаралық стандарттарды енгізуге бағытталған.
Ғылыми-техникалық салада кәсіпкерлік секторды қалыптастырмай, инновация саласын дамыту мүмкін емес. Соңғы жылдар ішінде өнеркәсіптік өндіріс құрамындағы және еңбекпен қамтамасыз етілгендер санындағы шағын бизнес секторының үлесі өзгеріссіз қалып, сәйкесінше 2,8-3,2% және 12,0-14,0% құрап отыр [4, б.375]. Бұл көрсеткіштер индустриалды дамыған елдермен салыстырғанда бірнеше есе аз.
Ірі кәсіпорындармен салыстырғанда шағын инновациялық кәсіпкерліктердің дамуына олардың бәсекеге қабілетті өнім өндіре алмауы кедергі жасап отыр. Ірі кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерліктердің ынтымақтастықтарын қамтамасыз ету үшін қызмет көрсету бойынша табиғи монополиялардың қызметтерін шағын бизнестің бәсекелік ортасына ауыстыру тетіктерін жасау қажет. Сондай-ақ, шағын бизнестегі инновациялық және ғылыми сиымдылығы мол өндірістердің дамуына жағдай жасау қажет, мәселен, лизинг бойынша жабдықтар мен технологиялар алу және франчайзингтік қатынастарды дамыту.
Қазақстандық өндірушілерге ғылыми зерттемелерді нарықтық тауар деңгейіне жеткізу тәжірибесі, менеджмент маркетинг және талдау салаларында білікті мамандар жетіспейді. Сол себепті де қазақстандық мамандарды шет елдердегі алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттарында, компанияларында тәжірибеден өткізу үрдісін қалыптастыру қажет, сондай-ақ отандық кадрларды дайындау үшін шет елдік білікті мамандарды шақыру қажет.
Қазақстан ғылымының қазіргі кезде көптеген аяқталған зерттемелері бар, алайда олар өндірістің сұранысына ие болмай отыр. Бұл үлкен мүмкіншіліктер береді және оның іске асуы - инновациялық қызметті дамытудың басты міндеттерінің бірі. Инновациялық қызметті дамытудың маңызды факторы болып зияткерлік меншікті пайдалану мен оның құқықтарын қорғау табылады. Инновациялық дамудың базалық моделінің негізінде инновацияның ішкі (өсіру) және сыртқы (трансферт) қайнар көздерінің арақатынастары жатады. Инновацияны өсіру стратегиясы көшбасшы-елдер АҚШ-қа, ГФР-ге, Ұлыбританияға, Жапонияға тән, бұл елдер өзіндік іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстарына негізделген өздерінің технологияларын жетілдірумен айналысады. Трансферт стратегиясы өзіндік іргелі әрі қолданбалы зерттемелері жоқ және осы мақсаттарға арналған шектеулі ресурстарға ие елдерге тән.
Осылайша, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекет саясатының басты бағыттары келесілер болуы керек:
- Мемлекеттің қатысуымен мамандандырылған венчурлық қор құру және венчурлық капиталды ғылыми-техникалық, инновациялық салаға тарту;
- Инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің формалары мен әдістерін даярлау;
- Инновациялық қызметтің мемлекеттік, салааралық, салалық және аймақтық мамандандырылған субъектілерін құрудан тұратын инновациялық инфрақұрылым құру;
- Инновациялық сала үшін кадрларды даярлау мен қайта даярлау;
- Өнеркәсіптің базалық салаларында жаңа технологиялық жағдайларды жасау;
- Авторлық құқық, патент және сауда белгілеріне қатысты барлық халықаралық конвенцияларды мойындау арқылы, яғни, өркениетті технологиялар нарығына жағдай туғызу арқылы шет елдік технологиялар трансфертін ынталандыру;
- Ең жақсы әлемдік тәжірибе негізінде отандық кәсіпорындарды сапа стандартына көшуін тездету;
- Шаруашылық және қаржы-несие құрылымдарына қызығушылық танытатын халықаралық донорлық ұйымдардың гранттарын тарту.
Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің 2006 және 2007 жылғы Халыққа жолдауларында қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске жақындату керектігін, әсіресе ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жекеменшік сектордың үлесіне тиесілі болу қажеттігін баса көрсеткен болатын.
Осы тұрғыда елімізде көптеген игі бастамалар қолға алынып та үлгерді. Айталық, «Парасат» холдингі өндіріс пен мемлекеттің ғылыми зерттеулерге тапсырысында «байланыстырушы арнасы» ретінде құрылып, холдингтің ғылыми ұйымдары мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қызметін атқарады. Содай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірісіне ғылыми зерттеулердің озық нәтижелерін іске қосуда ынтымақтасуды көздеп, қазақстандық экспорт өнімдерінде жоғары технологияның өнімдерін арттыруды мақсат тұтады.
Ғылыми-технологиялық саладағы мемлекет пен жекеменшік салалардың өзара серіктестігі механизмдерін пайдалану ғылыми кәсіпорындардың ұйымдастыру-құқықтық формаларын өзгерту арқылы оларды акционерлік қоғамдарға айналдыру нәтижесінде мүмкін болды. Мемлекет экономиканы тек қана саяси тұрғыда басқарады, ал өнеркәсіптік активтер бойынша менеджер функциясын жекеменшік сектор мен ұлттық компаниялар атқарады. Осыған сәйкес, ғылым да табиғи технологиялық дамуында сол ғылым жемісін пайдаланатын тұтынушылармен бірдей құқыққа ие болуы қажет.
«Парасат» холдингі 2008 ж. 3 шілдеде ҚР үкіметінің қаулысымен жүз пайыздық мемлекеттік акция пакетімен құрылған болатын. Холдингтің негізгі қызметі Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуына қолайлы жағдай туғызу.
2008 ж. 21 тамызында Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қостанай қаласында өткен мәжілісте «жоғары технологиялық және инновациялық үлесі мол жобаларды таңдау» бойынша шаралар қабылдау қажеттігі жөнінде айтқан болатын. Сол себепті де елімізде құрылған «Парасат» холдингінің басты мақсаты болып серпінді ғылыми және инвестициялық жобаларды іске асырып, алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктер нәтижелерін ұлттық экономиканың әртүрлі секторларына енгізу табылады.
Аталған холдингтің компанияларының құрамына бес заңды тұлғалар: АҚ «Жер, металлургия және байыту туралы ғылыми орталығы», АҚ «Фитохимия ғылыми-өндірістік орталығы», АҚ «Ғылыми қоры», АҚ «Ғылыми-техникалық ақпарат ұлттық орталығы», АҚ «Ақпараттандыру ұлттық орталығы» кіреді. Холдинг ғылыми-инновациялық қызметтің – ақпараттан бастап зерттеулерге дейін және олардың нәтижелерін өндіріске ендіру сияқты – барлық аспектілерін қамтиды.
«Парасат» холдингінің құрылуымен қатар жекеменшік сектор да өзіне ашылған жаңа мүмкіншіліктерді түсініп отыр. Бүгінгі күннің өзінде холдинг «Атамекен одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасымен» ынтымақтастық жөнінде меморандум қабылдады. Энергияны үнемдеу мен энергетикаға тәріздес бойынша ғылыми зерттемелерді іске қосу дайындалып қойды. «Қазатомөнеркәсібі» компаниясымен бірлескен ғылыми-техникалық жобалар тізімі мақұлданды. Олардың ішінде уранды жерасты сілтісіздендірудегі қалдықтардан рений мен сирек кездесетін элементтерді шығару жобасын іске асыру көзделуде.
«Парасат» холдингінің алғашқы көрнекті нәтижелерінің бірі болып тау-кен кәсіпорындарында пайдалы қазбалар алуда қолданатын минералдар негізінде жасалған ампулалар өндіру табылады.
«Қазақмыс» корпорациясы үшін холдинг институттары кейбір технологиялық үдерістерді жетілдіруге, алынатын өнім көлемін арттыруға, қалдықтар құрамында қалып қоятын құнды құрауыштар көлемін азайтуға арналған регламенттер дайындап берді. Мұндай жұмыстар АҚ «Алтыналмас», АҚ «Өскемен титан-магний комбинаты» үшін де жүргізілді.
Холдингтің құрылуына аз-ақ уақыт өткеніне қарамастан, қыруар жұмыстар жасалынып жатыр. Инновациялық салаларда жұмыс жасайтын компаниялар дағдарыстарға төтеп бере алатындығын тарихтан көруге болады. Мәселен, 1998 жылғы азиаттық қаржылық дағдарысқа төтеп бере алған компаниялардың 41% инновациялық технологияларды пайдаланған болатын. Ал бүгінгі таңда дүниежүзін шарлаған экономикалық дағдарысты көптеген көреген экономистер мен қаржыгерлер инновацияны дамытуға үлкен түрткі болады деп пайымдайды. Бұл дағдарыс алыпсатарлық экономиканың күйрегенін көрсетеді. Ғылыми-техникалық зерттемелерге бай қазақстандық ғылым үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестік арқылы өзара тиімді негізде бизнес үшін қажетті болу мүмкіндігі туындап отыр.