№10 журнал-ордер жинақтаушы тізім-көрсеткіш (регистр) болып саналады. Мұндағы жазулар №1,2 (негізгі өндіріске қатысты) ведомостар негізінде жүргізіледі. №10 журнал-ордерде Бас кітапқа түсіру үшін 2740 «Материалдық емес активтердің амортизациясы», 1310 «Материалдар», 1340 «Аяқталмаған өндіріс», 2930 «Күдікті борыштар бойынша резервтер», 1620 «Алдағы кезеңдер шығыстары», 3310 «Жеткізушілермен және мердігерлермен есептесу», 3390 «Өзге кредиторлық берешек және есептеулер», 8110 «Негізгі өндіріс», 8210 «Меншікті өндіріс жартылай фабрикаттары», 8310 «Қосымша өндіріс», 8410 «Үстеме шығындар», бөлімішоттары бойынша кредит айналымдары жинақталады және есептелінеді.
Мұнан өзге, аталмыш №10 журнал-ордер кәсіпорынның жоспарлау-экономикалық қызметінде пайдаланылады, сондықтанда тізім-көрсеткіштің үшінші бөлімінде экономикалық элементтері бойынша шығындар топтастырылады.
5.5 Өнеркәсіп кәсіпорындарындағы өнімдердің (жұмыс, қызмет) өзіндік құнын есептеп шығару
Есептеп шығару өнімдерді өндіруге жұмсалатын шығындарды экономикалық есептеудің кешенді жүйесін және жекелеген өнім (жұмыс, қызмет) түрлері бірліктерінің өзіндік құнын білдіреді.
Өндіріс тиімділігін анықтау, шығындарды бақылау, материалдық, еңбек және қаржылық ресурстар резервтерін іздестіру, субъектінің қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері үшін осы өнімдерді жасаудың барлық сатыларындағы шығындардың көлемі туралы ақпарат қалыптастыру жекелеген өнім (жұмыс, қызмет) түрлерінің өзіндік құнын есептеп шығару мақсаты болып саналады.
Есептеп шығарудың басты міндеттері:
жекелеген өнім (жұмыс, қызмет) түрлері бірліктерінің нақты өзіндік құнының сенімді есептелуі;
қолданылатын шығыс нормалары мен шығындар нормативтерінің сақталуымен, өзіндік құны бойынша жоспарлы тапсырмалардың орындалуын бақылау;
шығындар мен нәтижелерді салыстыру жағдайында өндіріс, цехтар, учаскелер, бригадалар жұмысының тиімділігін бағалау;
өзіндік құнды төмендету резервтерін талдау үшін ақпараттардың түсуін қамтамасыз ету.
Кәсіпорындардағы есептеп шығару жұмыстары өндіріс және өнімдерді өткізу шығындарын жоспарлау мен есепке алу методологиясына сәйкес ұйымдастырылады. Ол өнімдердің өзіндік құнын есептеу және өзіндік құны бойынша жоспардың орындалуын бақылау, кәсіпорын мен құрылымдық бөлімшелердің жұмысын талдау және бағалау үшін, методологияның біртұтастығын қамтамасыз ететін жалпы принциптердің сақталуын қамтамасыз етеді. Келесілер осындай принциптер болып саналады:
өндіріс шығындарының ғылыми негізделген жіктеуі;
шығындарды есепке алу объектілерін, есептеп шығару объектілерін және есептеп шығару бірліктерін айқындау;
жанама шығыстарды бөлу әдістерін таңдау;
кезеңдер бойынша шығындарды шектеу;
есептеп шығару бірліктерінің өзіндік құнымен есеп айырысу тәсілдерін таңдау.
Өнімдердің өзіндік құнын өндірістік есепке алу жүйесіндегі есептеп шығару мен есеп айырысудың негізгі кезеңдерін келесідей түрде беруге болады:
шығыстардың есептеп шығару баптары бойынша және шығындарды есепке алу баптары бойынша бастапқы шығындарды топтастыру;
өзіндік құнды анықтау және қосымша өндіріс шығындарын негізгі өндіріс шығындарына жатқызу;
шығындарды есепке алудың жекелеген объектілері арасында жанама шығыстарды бөлу;
түпкілікті ақаудың өзіндік құнын анықтау;
пайдаланылатын қалдықтарды бағалау;
аяқталмаған өндірісті бағалау;
тауар шығару мен аяқталмаған өндіріс арасындағы шығындарды бөлу;
есептелетін әрбір объектінің өзіндік құны және оның есептеу бірліктерімен есеп айырысу.
6 Қаржылық жоспарлау. Бизнес жоспарды құрудың қаржылық аспектісі
6.1 Қаржылық жоспарлау
Қаржылық жоспарлау шаруашылқ субъектінің қызметіне қаржыландыру объектілерін таңдаудың көмегімен, қаржы құралдарын бағыттаумен және еңбек, материал мен ақша ресурстарын тиімді пайдаланумен байланысты жан-жақтан әсер етеді, яғни бұл жоспарлау өндірістің материалдық заттай элементтері турасында, ақшамен қоғамдық ұдайы өндіріске белсенді ықпал жасау турасында ақша қозғалысының салыстырмалы дербестігімен шарттасылған ақша нысанында жүзеге асырылады.
Кәсіпорындағы қаржылық жоспарлаудың негізгі тапсырмалары келесілер болып табылады:
• кәсіпорынды өндірістік, инвестициялық және қаржылық қызметтерін қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыздандыру;
• капитал салымдарының тиімді жолдарын анықтау, оны рационалды пайдалану дәрежесін бағалау;
• ақша ресурстарын үнемдеп пайдаланудың есебінен пайданы өсірудің ішкі шаруашылық резервтерін анықтау;
• бюджетпен, банктермен, котрагенттермен рационалды қаржы қатынастарын бекіту;
• акционерлердің және басқа да инвесторлардың қызығушылықтарын қанағаттандыру;
• кәсіпорынның қаржылық жағдайын, төлемқабілеттігін және несиеқабілеттігін бақылау.
Қаржылық жоспарлау тәжірибесінде келесі әдістер қолданылады: нормативті, баланстық есеп айырысу, ақша ағындарын экономикалық талдау, көп нұсқалы әдіс, экономика-математикалық үлгісі.
Қаржылық жоспарлау әдісі бірнеше кезеңдерден тұрады:
Бірінші кезеңде – өткен жылғы қаржылық көрсеткіштеріне талдау жүргізіледі. Ол үшін кәсіпорынның негізгі қаржы құжаттары қолданылады – бухгалтерлік баланс, шығындар мен кірістер есебі, ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есеп.
Олардың мәні қаржылық жоспарлау үшін өте зор, себебі олар кәсіпорын қызметінің қаржылық көрсеткіштерінің есеп айырысуын және талдауын қарастырып, құжаттардың көмегімен оның болжамын құрудың негізі болып саналады. Талдау жүргізу жұмысының бұл кезеңінде қаржы есептілігінің және жоспарланатын қаржы кестелері бірдей болғандықтан жұмыс істеу жеңіл түрде өтеді.
Кәсіпорын балансы қаржылық жоспарлау құжаттарының құрамына енеді, ал бухгалтерлік баланс есептемесі жоспарлаудың бірінші кезеңінің бастапқы базасы болып табылады. Ережеге сәйкес, кәсіпорын талдау жүргізу барысында ішкі балансты қолданады, себебі, ондағы мәліметтер кәсіпорын ішінде қолданылып, анық, толық және шынайы ақпараттармен берілген. Жарияланатын балансқа сыртқы балансты жатқызуға болады, себебі, ондағы мәліметтер (резервтік капиталды құру, салық салу) кәсіпорынның төмен табысын сипаттайды.
Екінші кезеңде, негізгі болжамды құжаттар құрылады, оларға баланс болжамы, кірістер мен шығыстар туралы есеп, ақша қаражаттарының қозғалысы туралы есептіліктер жатқызылады. Олар перспективалық қаржылық жоспарлаудың құрамына еніп, кәсіпорынның ғылыми-негізделген бизнес-жоспарының құрамына енгізіледі.
Үшінші кезеңде, ағымдағы қаржылық жоспарды құрудың көмегімен болжамды қаржылық құжаттарының көрсеткіштері нақты түрде бекітіледі.
Төртінші кезеңде, оперативті қаржылық жоспарлау іске асырылады.
Қаржылық жоспарлаудың бұл процесі тәжірибе жүзінде жоспарлардың енгізілуімен және олардың орындалуымен аяқталады.
Қаржылық жоспарлауды (мазмұнына, белгілеріне және тапсырмаларына тәуелді) перспективалық, ағымдағы және оперативті деп сыныптауға болады.
Келешекті қаржылық жоспарлау.
Қазіргі жағдайда перспективалық (келешекті) қаржылық жоспарлау бір жылдан үш жылға дейін уақыт кезеңін қамтиды. Перспективалық жоспарлау кәсіпорынның қаржылық стратегиясының өңделуіне және онық қаржылық қызметінің болжамына енгізіледі. Қаржылық стратегияның өңделуі қаржылық жоспарлаудың ерекше облысын сипаттайды, себебі, ол жалпы экономикалық даму стратегиясының құрамдас бір бөлігі болғандықтан, кәсіпорынның жалпы стратегиясымен құрылған мақсаттарымен және бағыттарымен сәйкес болуы тиіс.
Ал қаржылық стратегияның өзі, кәсіпорынның жалпы стратегиясына әсер етеді.
Қаржылық стратегия қаржы қызметтерінің ұзақ мерзімді мақсаттарын және оларға жетудің тиімді әдістерін анықтайды.