г) өндірістің тікелей шығындарының бастапқы құжаттары тиісті нормаларға сәйкес жасалады және есеп жүйесінде нормалар бойынша шығындарды көрсетеді;
д) белгіленген нормалардан артық материалдар шығыстары (мысалы, материалдарды үнемдеп пішпегенде немесе бөлшектердің ақауы болғанда), сондай-ақ технологиялық процесте қаралмаған жұмыстарға ақы төлеу айрықша құжаттарда бөліп көрсетіледі немесе «Нормалардан ауытқу» өзгеше белгісімен жеке құжаттар арқылы ресімделеді; нормалардан ауытқыған шығыстар құжатын есепке алу үшін кәсіпорынның жетекші қызметкерлерінің рұқсат бұрыштама қолы (визасы) талап етіледі, соның арқасында өндірістік емес шығыстарды туғызатын себептерді қабылдауды жеңілдетеді;
е) жабдықтарды ұстап тұру және пайдалану шығыстары, қосымша шығыстар өнімдердің түрлері бойынша кешенді түрде бөлінеді (нормалар бойынша және нормалардан ауытқулар бойынша шығыстар сомасын бөлу арқылы);
ж) өндіріс шығындарының талдау (аналитикалық) есебі нормалар бойынша, нормалардың өзгеруі бойынша және нормалардан ауытқулар бойынша шығындарды бөліп көрсетумен әрбір объекті бойынша (тапсырыстар, қайта бөлулер, өнім түрлері немесе өнім топтары бойынша) жүргізіледі;
з) өнімдер бірлігінің нақты өзіндік құны нормалар бойынша, нормалардың өзгеруі бойынша және нормалардан ауытқулар бойынша шығындарды бөліп көрсету арқылы есептеледі; бірыңғай өнімдер өндіруге жұмсалатын шығындарды топтық есепке алу кезінде нақты өзіндік құнын есептеп шығару аталмыш есепке алу тобының әрбір өнімі бойынша жасалады.
Бұдан көзделетіндей, өндіріс шығындары есебінің нормативтік әдісі жедел бақылау және өндірістік процесстің өзінің барысында өндірістік емес шығындарды анықтау үшін қажетті жағдай туғызады; маңызды экономикалық көрсеткіштер есебінде өндіріс шығындарындағы жоспарлы нормалардың сақталуын көрсетуді қамтамасыз етеді; аталмыш топтағы өнімдердің әрбір түрінің өзіндік құнын есептеп шығару мүмкіндігін сақтай отырып, шығындарды топтық есепке алу объектілері бойынша өндіріс шығындарының есепке алу техникасын ықшамдайды;
Өндіріс шығындары есебінің нормативтік әдісін қолдану мен өнімдердің өзіндік құнын есептеп шығару материалдар шығыстарының техникалық негізделген нормаларына, жекелеген технологиялық операциялар бойынша келісімді бағалар мен уақыт нормаларына, басқару және өндіріске қызмет көрсету бойынша шығыстар сметасына және осы база негізінде жасалған өнімдердің өзіндік құнын нормативтік есептеп шығаруларға негізделеді.
Аталмыш сәтте кәсіпорында қолданылатын материалдар, еңбек ақы, өндірісті басқару мен қызмет көрсетуге жұмсалатын өзге тікелей шығындар мен кешенді шығыстар нормалары бойынша жасалған, соған сүйеніп есептелген өнімдердің өзіндік құны нормативтік есептеп шығару деп аталады.
Шағын кәсіпорындарда өзіндік құнды нормативтік есептеп шығару жекелеген цехтардың шығындарға қатысты үлесін бөліп көрсетпестен, тұтастай түрде зауыт бойынша жасалады.
Ұйымдастыру-техникалық шаралар жоспары негізінде, прогрессивті технологияларды енгізуден, неғұрлым үнемді материалдарды қолданудан, жабдықтарды неғұрлым тиімді пайдаланудан және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған өзге де шараларды жүзеге асырудан қол жеткізген үнем негізінде нормативтерді жүйелі түрде қайта қарау қаралады.
Жоспарда көрсетілген үнемге қол жеткізу және осыған сәйкес қолданыстағы нормативтердің өзгеруіне байланысты жаңа нормативтік өзіндік құнды есептеп шығару (калькуляция) жүргізіледі. Нормаларды өзгерту әдетте айдың басына сәйкестендіріледі, яғни бұл шамалы техникалық қиындықтармен байланысты аяқталмаған өндірісті барынша дәл қайта бағалауды қамтамасыз етеді.
Тапсырыс беру әдісі
Өндіріс шығындары есебін және өнімдердің өзіндік құнын есептеп шығарудың тапсырыстық әдісі жеке және шағын-сериялы өндірістерде қолданылады. Ауыр машина жасау және кеме жасау өндірістерінде жеке тапсырыспен турбиналар (құбырлар) жасау, корабльдер құрастыру, блюминг жасау, ательеде ерлер немесе әйелдер костюмін, пальтосін тігу жеке өндіріске тән болып саналады.
Жеке өндірісте бір бұйым жасауға немесе шағын-сериялы өндірісте сериялы (5-10) бірдей бұйымдар жасауға тапсырыс ашады. Сөйтіп, тапсырыстық әдіс кезінде, номер беретін тапсырыс есепке алу және есептеп шығару объектісі болып саналады.
Тапсырысты шарт негізінде тапсырыс беруші ашады. Одан өзге, бір цех өзге цехтың өнімін шығаратын немесе жұмысын орындайтын зауыт ішілік тапсырыстар болады. Зауыт ішілік тапсырыстар жеке дара және жылдық (мысалы, жөндеу цехына жылдық тапсырыс, негізгі өндірістің қандайда бір цехының жабдықтарын ағымдық жөндеу жүргізуге тапсырыс) тапсырыстар ашады (береді).
Тапсырыстарды жоспарлау - өндірістік бөлімі ашады, қандай бұйым жасауға жатады, қандай санда, қай цехтарда және қандай мерзімге барлығы көрсетіледі.
Ірі сериялармен және жаппай өндіретін бірсыпыра кәсіпорындар (машина жасау және жеңіл өнеркәсіп) бұйымдардың түрлерін және тіпті тетіктерді есепке алу үшін жылдық тапсырыстарды қолданады.
Аналитикалық есеп әрбір тапсырысқа ашылады және шығындар жазылатын карточкаларда жүргізіледі.
Тапсырыстың өзіндік құны, оның ашылған күнінен орындалған күніне және жабылғанға дейінгі өндірістің барлық шығындарының сомасымен анықталады. Бұдан көзделетіндей, тапсырыс әдісі бойынша есептеп шығару тапсырыс арқылы жасалған жұмыс орындалғаннан кейін барып жасалады. Тапсырыс бойынша жұмыстың аяқталғандығы жасалған дайын өнімдерді немесе жұмыстарды тапсыруға (өткізуге) арналған құжатта (жүк құжатында, актіде) белгіленеді. Содан кейін барып тапсырыс жабылады: жабылған тапсырыстың нөмері көрсетілген құжат көшірмесінің күші жойылады.
Сөйтіп, тапсырыс әдісі бойынша тапсырыстың өзіндік құнын есептеп шығаруды тапсырыс арқылы жасалған барлық жұмыс орындалғанша жүргізуге болмайды. Мұндай жағдайда жартылай орындалған тапсырыстың өзіндік құнын анықтау қажет болады. Тапсырысты орындауды аяқтағанға дейін оның жартылай бөлігінің өзіндік құнын жоспарлы есептеп шығару негізінде немесе оны жасаудың техникалық жағдайларының өзгеруін есепке ала отырып, бұрын жасалған бұйымдардың (өнімдердің) өзіндік құнын нақты есептеп шығару негізінде, әдетте шартты түрде анықтайды.
Тапсырысты орындау кезіндегі жұмыс уақытында және шығындарды есепке алу кезінде тиісті тапсырыстарға материалдар және жартылай фабрикаттар құнының дұрыс апарылғанына бақылау жасау жүзеге асырылады, өйткені бір тапсырысқа жазылған материалдар мен бөлшектер кейбір уақыттарда өзге тапсырыстарды орындау үшін пайдаланылуы мүмкін, мұндай жағдайлар өнімдердің өзіндік құнын бұрмалайды.
Қайта бөлу әдісі
Өндіріс шығындары есебін және өнімдердің өзіндік құнын есептеп шығаруды қайта бөлу әдісі бастапқы материалдар мен өңдеу сипаты бойынша, жалғастық сатылармен өңдеу жағдайында (құю, металлургиялық, тері, тоқыма өндірісі және т.б.) бірыңғай жаппай өнімдер өндірілетін өнеркәсіп салаларында қолданылады. Бұл өндірістерде бастапқы шикізат технологиялық процестің жекелеген сатыларында жалғастықпен өңдеуден өтуге тартылады.
Өндірістің қайта бөлу (қорыту) технологиялық процесінде жұмсалатын шығындарды баптар (статьялар) бойынша – есептеп шығару баптарына бөлек және өнімдердің түрлері немесе топтары бойынша қайта бөлуді ескеру қажет.
Қайта өңдейтін өнеркәсіптің кейбір өндірістерінде бастапқы бір шикізаттан өнімдердің бірнеше сорттары жасалуы мүмкін. Мысалы, ағаш тілетін өндірісте бір бөренеден тақтайлардың әртүрлі сорттары шығады. Мұндай өндірістерде өнімдердің өзіндік құнын есептеп шығару кезінде коэффициенттер әдісі қолданылады, есептеп шығару әдісі екі тәсілді орындайды: алдымен шартты өнімді есептеп шығарады, яғни бір сортқа шартты түрде келтірілген өнімдердің өзіндік құны есептеліп шығарылады, содан соң коэффициенттердің көмегімен өнімдердің әрбір жеке сортының өзіндік құны анықталады.