Смекни!
smekni.com

Кадыр Мырзалиев (стр. 2 из 2)

Әрбір шын мәніндегі суреткер секілді Қадырдың да кешегі жыры-Адам туралы болатын, бүгінгі жыры да-Адам туралы, ертеңгі жыры да – Адам туралы болмақ.

Ал адам, оның тағдыры тіршілігі әдеби шығармада әрқашан белгілі бір уақыт пен кеңістікте көрсетілуі шарт. Демек, Қадырдың Адамы да мезгіл-мекенсіз әлдебір абстракциялық нәрсе емес. Сондықтан Мырзалиев поэзиясына үзілмейтін өзекті желі боп тартылып, жан-жақты ашыла суреттеліп, жиңақтала тұлғаланып келе жатқан бір күрделі образ бар. Ол қазақ даласының образы. Осынау шетсіз-шексіз кең далаға, өзінің туған даласына Қадыр»Ой орманында» бір бөлім арнап айрықша бір мол шабытпен көкірегін кере, мақтана сөйлеп;»Уа, дала! Кеңдігіңе тамсандым көп, айта алман бәрін жазып тауса алдым деп. Сен алып-алып пластинка дөңгеленген, инең бол тұрады ылғи ән салғым кеп!»-десе, соның іс жүзіндегі дерегі секілді келесі кітабын түп-түгел далаға арнап, тұп-тура «Дала дидары» деп атады.

«Дала дидары»-Қадыр ақындағының жаңа белесі, тың өрісі. Бұл кітаптың, яки кітапқа енген жүз өлеңнің бір ғана көркемдік құны мен идеялық қасиетін бір сөзбен айтсақ, үндестік деуге болар еді.

Александр Блок ақынның ақындағы-үндестік деп ұққан және осы ұғымын терең теориялық тұжырымға айналдырған. Ал үндестік, яки гармония дегенді шебер суреткердің шындықты сырға, сырды жырға айналдыруы, өмірді өнерге, өнерді өмірге көшіруі, сөйтіп мынау әлемдік тіршіліктің небір құпия сырларын ғажайып келісімге көшіре танытуы деп түсіндіреді.

«Дала дидарында» тек сырт қарағанның өзінде көзге бірден шалынатын бір түрлі бір композициялық бірлік, тың келісім бар. Кітаптағы төрт бөлім өзара тұтасқан төрт алуан сыр мен шындықты желілі, арнаулы түрде тарата жырлап жатса, осылардың ара-арасында ақын үш мәрте арнайы лирикалық шегініс жасп, оқырманын өзгеше бір толғаныстарға түсіріп, оның сезімін тербейді. Сөйтіп, ақын мен оқырманның көңіл күйлері өзара тағы бір тың үйлесім, үндестік тапқандай болады.

Ал мазмұн жағынан келсек, мұндағы жүз өлең бір идеялық мақсатқа жарыса жол тартқан тағы да тұтас толғамды сыр, толқынды жыр. Мысалы, «Көне заман көріністері» атанған бірінші бөлім бір ғана басты тақырыптың кезеңді құбылыстарын жан-жақты әрі қаз-қатар өре, өрістете толғайды:»Жар-Жар», «Күрес», «Барымта», «Көкпар», «Қыз қуу»...осылардың әрқайсысында байырғы көне ауылдың әр алуан шындығы әр қырынан көрініп кеп біртұтас бейне-дала дидарын алдымызға тартады. Сонда бір өлең осы даланың күлкісі мен қуанышы болса, енді бір өлең қайғысы мен көз жасы, бір өлең әні мен назы болса, енді бір өлең мұны мен зары, бір өлең күші мен ірілігі болса, бір өлең әлсіздігі мен күйкілігі...секілді өзара өріліп-тұтасып, өріліп-тұтасып кете барады. Жоқ, кете бармайды, ақын өзі суреттеп отырған шындық құбыластардан қызық-қызық ойлар, философиялық байыптаулар, парасатты түйін-тұжырымдар қорытып отырады.

Мәселен, «Бабамыздың шоқ басқан табанымен, бірдей екен жақсысы жаманымен: бір жаманы-тынымсыз көше берген, бір жақсысы қимаған даланы кең. Бір жаманы-жел сөзге ерген екен, бір жақсысы-тілге ерік берген екен: бір жаманы-кетпенге орашолақ, бір жақсысы-найзагер, мерген екен. Бір жаманы-кешігіп әліппе ашқан, бір жақсысы-күйлері көбік шашқан;бір жаманы-қыздарын малға сатып, бір жақсысы сүйгенін алып қашқан. Бір жаманы-шаруасын мандытпаған, бір жақсысы-қулықпен жанды ұтпаған; бір жаманы-үйленіп жеңгесіне, бір жақсысы-жесірін қаңғытпаған. Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған, бірде тоңып суықта, бір мұздаған; бір жаманы-сонда да үй салмаған, бір жақсысы-абақты тұрғызбаған!...» Міне, бұл-бір жағынан,осыған дейін әр қырынан суреттеліп дала шындығын енді бірде ойша байыптаудан туған жиынтық-синтез болса, екінші жағынан, байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен бүтін бір халықтың бір алуан мінез-құлқы екені даусыз.

Байқасақ, осы секілді өлеңде және жинақтағы бар өлеңде автор мөп-мөлдір шындықты тап-таза ағысқа, ақындық ағысқа айналдырып, соншалық бір кең тыныспен еркін, ешқандай қитықсыз есіле, көсіле жырлаған. Әр өлең кәдімгі «қиыннан қиысу» жағынан жасандылықтан аулақ, соншалық табиғи, тіпті оп-оңай құйыла салған секілді.

Ең жеңілі мынау эпифораны көрелікші:

«Күншілдер өледі

Көңілін от қарып,

Батырлар өледі

Борышын атқарып.

Бұзықтар өледі

Пышаққа құлшынып.

Сұлулар өледі

Құшақта тұншығып.

Арғымақ өледі

Артында шаң қалып,

Ақындар өледі

Бәріне таң-қалып!»

Өлеңнің мазмұнындағы қоспасыз шындықты айтпағанның өзінде, пішіндегі мұндай шынайы, сұлу айшықты, яки фигураны асқан шебер ақын ғана жасай алады. «Дала дидарындағы» өлеңдерде, міне, осындай өзіндік дидар бар...

Сонымен, бірінші томдағы бірнеше кітап – «Ой орманынан» «Дала дидарына», одан «Бұлбұл бағына» көшіп, ақыр-аяғында Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алған «Жерұйыққа» келіп, өзінің ақындық өнер биігіне осылай сатылап өрлеген Қадыр енді бір тұста поэзия жайлауына «Ақ отау», яки өз отауын, өзінің жыр отауын тігеді де төрінде отырып, екінші томда қолына құйқылжыған көңіл күйінің екі ішекті, он екі пернелі «Домбырасын» алады, сөйтіп тағы да сол өзі тапқан ырғақпен мәнер-машықпен төңірегін ағыл-тегіл шалқыған кербез күйге, сылқым сырға, сырбаз жырға толтыра күмбірлетіп кетеді.

Сөзімізді ұзарта бермей, тұжырымдай түсу үшін біз «Бұлбұл бағын» араламай-ақ, «Ақ отауға» кірмей, «Жерұйыққа» бармай-ақ, бірден «Домбыра» сазына сәл құлақ түріп көрсек дейміз.

«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін,

Мен оларға киліккенді қой дейін.

Өзің көтер,

Алтын тиек идеям,

Егіз ішектің беу-беуі мен

Гөй-гөйін!»

Қадыр «Домбыра» тиегін осылай қондырады. Мұның өзі домбыра тиегі болуымен бірге екі кітапты өлең-эпопеяның беташары да:Тиек тіреп көтерген екі ішек құр құйқылжып ойнамады, ой айтады, сыр шертеді, демек Қадыр домбырасының тиегі шаңақ пен ішек арасындағы мөлшері болуға тиіс.

Әдебиет:

«Қадыр Мырза Әли» кітабы